Алатау қаласы кеңесінің отырысында негізгі жобалардың іске асырылу барысы қаралды

Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Alatau City-ді мемлекеттің дамуын сапалы жаңа деңгейге көтеруге қабілетті стратегиялық маңызы бар жоба ретінде айқындағанын атап өтті.

Инвестициялық портфельдегі жобалар саны 67-ге жетті
Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Alatau City-дің инвестициялық портфельіндегі жобалар саны 67-ге жетті. Оларды іске асыру шамамен 55 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
PepsiCo және Sunny Paper жобалары белсенді іске асырылып жатыр. Mars Petcare KZ, Griffin Logopark, «ДанаФлекс» және G-Trans Service өндірістік және логистикалық жобалары бойынша жұмыстар басталды.
Жаңа қаланың флагмандық нысандарының бірі – Iconic Complex құрылысына дайындық жалғасуда. KIND K-Smart Town жобасын іске асыру жұмыстары алға жылжып келеді. Сондай-ақ 330 га аумақты кешенді дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Онда жалпы ауданы 5,3 млн м² нысандарды орналастыру жоспарланған. Мастер-жоспар мен техникалық-экономикалық негіздемені 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Жаңа халықаралық жобалар
Инвестицияларды одан әрі тарту аясында бірқатар ірі жоба пысықталуда. Олардың қатарында Full Vision Capital компаниясының тұрақты авиациялық отын өндіру және жасыл энергетика саласындағы бастамалары, KAIST ғылыми институтының филиалын ашу, CIMC компаниясының логистика, деректерді өңдеу орталықтары және цифрлық инфрақұрылым саласындағы жобалары, сондай-ақ Sinomach жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешені бар.
Қазақстан-Корея бірлескен инвестициялық қорын құру, Hyundai Green Food өндірістік-логистикалық кешенін салу және Lotte Hotels & Resorts компаниясын Iconic Tower жобасына тарту бойынша келісімдерге қол жеткізілді.
Ынтымақтастықтың басқа бағыттары Doosan Enerbility компаниясымен энергетиканы, Korea Airports Corporation-мен қалалық әуе мобильділігін, сондай-ақ Hyundai Motor Company-мен бірлесіп смарт-мобильділік пен сутегі технологияларын дамытуды қамтиды.
Alatau Crypto City жобасын дамыту
Отырыста Alatau Crypto City-ді дамыту мәселесі де қаралды. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен бірлесіп Tokenization by Default тұжырымдамасы әзірленді.
Токенизация жобаларына қатысуға 43 халықаралық және қазақстандық компания қызығушылық танытты. 2026 жылдың соңына дейін жалпы көлемі $10 млн-ға дейінгі жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Инженерлік және көлік инфрақұрылымы
Қаланың инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Жалпы 26 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген.
Электрмен жабдықтау саласында Көкпа-1 қосалқы станциясын реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Сумен жабдықтау және су бұру жобаларының бір бөлігі аяқталу сатысында, қалған жобалар бойынша мердігер ұйымдар анықталды.
Жол инфрақұрылымы аясында 61,2 км жолға орташа жөндеу жүргізу және 15 км жаңа автомобиль жолын салу жоспарланған.
Alatau City инженерлік желілері, көлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымы озыңқы қарқынмен дамытылады. Бұл жұмыстарды тұрақты қаржыландыру үшін бюджет қаражатын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін, сондай-ақ жеке және квазимемлекеттік инвестицияларды пайдалану көзделіп отыр.
Қаланы дамытудың стратегиялық құжаттары
2026 жылдың соңына дейін бизнесті, цифрлық активтерді және басқа да бағыттарды дамыту мәселелерін реттейтін құжаттар топтамасын қабылдау жоспарланған.
Сонымен қатар ARUP Group және BCG халықаралық компанияларының қатысуымен қаланы дамытудың 2040 жылға дейінгі стратегиялық мастер-жоспары және 2055 жылға дейінгі егжей-тегжейлі жоспары әзірленуде.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр жобаларды одан әрі іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз етуді және Alatau City дамуының негізгі бағыттары бойынша белгіленген мерзімдердің сақталуын тапсырды.
Дереккөз: primeminister.kz