Алатауда құны 800 млн АҚШ долларынан асатын Iconic Complex жобасы іске қосылды

Жобаны іске қосу рәсімі
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, CSCEC International компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Гао Бо, америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросының Еуропадағы бөлімшесінің жетекшісі Габриэле Пасколини және Алатау қаласы Кеңесінің мүшесі Юрий Цхай қатысты. Жиынға Үкімет пен министрліктердің, Alatau City Authority және United Group Alatau ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары да қатысты.

Қанат Бозымбаев жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде сапа, сейсмикалық қауіпсіздік және энергия тиімділігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге қазақстандық компаниялар мен мамандарды жобаға тартудың, жергілікті кадрлардың кәсіби әлеуетін арттырудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызын айтты.
«Бүгін біз Алатау қаласының дамуындағы маңызды кезеңге жетіп отырмыз. Iconic Complex жобасы іске асыру кезеңіне өтіп, қаланың жаңа келбетінің бір бөлігі болмақ. Кешен Алатаудың көрнекті нысандарының бірі әрі біз қалыптастырып жатқан заманауи қалалық ортаның үлгісі болады деп күтілуде», – деді Қанат Бозымбаев.
Iconic Complex жобасы 2026 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған болатын. Салтанатты рәсім барысында Алатау қаласы Кеңесінің мүшесі, Caspian Group директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай жаңа қаланы дамытудағы мемлекеттік қолдаудың маңызына тоқталды.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей саяси ерік-жігері, белсенді қолдауы және мемлекеттік органдардың іске жоғары деңгейде атсалысуы болмаса, бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін болмас еді. Басқа жағдайда, басқа елде мұндай нәтижеге жетуді елестетудің өзі қиын. Бар болғаны төрт жылдың ішінде Alatau City арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне, қала мәртебесіне, нақты шекараларға және ерекше реттеу режиміне ие болды. Сонымен қатар жоба халықаралық деңгейде сәтті таныстырылды», – деді Юрий Цхай.

Iconic Complex қандай кешен болады?
Кешеннің сәулеттік келбетін биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара айқындайды. Құрылыс аяқталған соң басты мұнара Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік ғимаратқа айналады. Кешенде кеңселер, апартаменттер, бес жұлдызды қонақүй және сауда орталығы орналасады. Іскерлік және тұрғын аймақтар кездесуге, серуендеуге және демалуға арналған қоғамдық кеңістіктер арқылы өзара байланысады.
SOM сәулет бюросы әзірлеген тұжырымдамаға Іле Алатауының табиғи келбеті арқау болған. Таулы өлкенің бедері мен мұз қырларының пішіні ғимараттардың сәулеттік шешімдері мен қасбеттерінен көрініс табады.

Кешен аумағының төрттен бірі көгалдандыруға бөлінеді. Сатылы мұнараның төбесінде бақ орналастырылады. Қоғамдық кеңістіктердің бір бөлігі табиғи жарық өткізетін қалқалармен жабдықталады.
Ғимараттардың қасбеттерінде күн сәулесінен қорғайтын элементтер мен күшейтілген жылу оқшаулағыш жүйелер қарастырылған. Бұл жылыту мен салқындатуға жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ал ішкі атриумдар үй-жайларды табиғи жарықпен қамтамасыз етіп, энергия тұтынуды қысқартуға ықпал етеді.
Жобаны кімдер жүзеге асырады?
Iconic Complex жобасын үш компаниядан тұратын халықаралық консорциум жүзеге асырады. Жобаның девелопері – жобаны іске асыру және жеке инвестициялар тарту мақсатында құрылған қазақстандық Alatau City Iconic Complex компаниясы.
Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) бюросы әзірлеген. Бюроның танымал жобаларының қатарында Дубайдағы Burj Khalifa, Нью-Йорктегі One World Trade Center, Астанадағы Talan Towers және Алматыдағы Esentai Tower бар.

Жобаның бас мердігері – әлемдегі ең ірі инвестициялық-құрылыс топтарының бірі China State Construction Engineering Corporation (CSCEC). Топ құрамындағы компаниялар Шэньчжэньдегі Ping An Finance Centre және Шанхайдағы Shanghai World Financial Center ғимараттарының құрылысына қатысқан. CSCEC Iconic Complex жобасын Алатауды дамыту бағытындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың алғашқы қадамы ретінде қарастырады.
«CSCEC International үшін Алатаудағы Iconic Complex жобасы стратегиялық маңызы бар басым жобалардың бірі. Біз құрылысты жоғары стандарттарға сай жүргізіп, үздік мамандар мен қажетті ресурстарды жұмылдырамыз. Жобаға қатысушылармен бірлесе отырып, ұлттық маңызы бар жаңа сәулет нысанын салуды көздеп отырмыз», – деді Гао Бо.

Инвестиция және қаланың өркендеуі
Қазақстан Ұлттық Банкі жобаға Ұлттық инвестициялық корпорация арқылы қатысады.
«Ұлттық Банк Ұлттық инвестициялық корпорация арқылы осы жобаны іске асыруға қатысып, Алатау қаласының дамуына үлес қосып келеді. Біздің жобаға қатысуымыз отандық институционалдық инвестордың ел үшін маңызды бастамаларды қолдаудағы, сондай-ақ ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін қазақстандық және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктірудегі рөлін көрсетеді», – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Iconic Complex жобасының іске қосылуы Алатау қаласын жүйелі дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Қалада ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен қатар, олардың құқықтық және институционалдық негіздері де қалыптастырылып жатыр.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Алатаудың ерекше құқықтық режимін белгілейтін Конституциялық заңның нормалары кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілуде. Олардың қатарында құрылысты реттеудің жаңа рәсімдері де бар. Қазіргі уақытта Алатау қаласының Кеңесі мен Alatau City Authority жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар қалада 28 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылып, сумен жабдықтау нысандары салынып, жолдар жөнделуде. Бұл жұмыстар жаңа құрылыс алаңдарын игеруге, кәсіпорындарды іске қосуға және қолданыстағы шағынаудандардағы тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.
Iconic Complex Gateway District аумағындағы негізгі жобалардың біріне айналады. Алатау қаласының даму жоспарына жалпы инвестиция көлемі 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.